13 сәу, 2018 сағат 13:30

Ресей соты Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешім шығарды

Мәскеудің Таганск аудандық соты 13 сәуір күні Ресей аумағында Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешім шығарды, - деп хабарлайды Азаттықтың Орыс редакциясының тілшісі. Сот шешімі бойынша, Telegram қызметі компания "Федералдық қауіпсіздік қызметінің ақпаратты шифрлау кілтін беру талабын орындағанға дейін" шектелмек.

Сот шешімі дереу орындалуы тиіс. Компания сот шешіміне бір ай ішінде шағымдана алады. Мессенджерді бұғаттау туралы шағымды сотқа Роскомнадзор мекемесі түсірген.

Роскомнадзор Telegram-да "террорлық ұйымдар қолданатын мәліметтер болуы мүмкін" деп, мессенджер қызметін дереу шектеуді талап еткен.

Сотқа Telegram өкілдері қатысқан жоқ. Шағым бірнеше минут қана қаралды. Кеше мессенджерді ойлап тапқан Павел Дуров адвокаттарына сотқа қатысуға тыйым салған. Бірақ адвокаттар сот отырысын кейінге қалдыруды сұраған, бүгін сот ол талап-арызды қабылдамай тастады.

Мұның алдында аталған мекеме Telegram мессенджерін ФСБ-нің сұрауымен бұғаттау туралы сотқа шағымданған. Бұған қоса мекеме мессенджер қолданушылары қалдырған жазбалардың құпия кілтін ФСБ-ге тапсыруды талап еткен. Өткен аптада мессенджар басшылығына берілген уақыт аяқталды.

Telegram ФСБ-ге қолданушылар жазбаларының құпия кілтін беру техникалық тұрғыда мүмкін емесін айтып, талапты орындаудан бас тартып отыр.