04 қыр, 2018 сағат 11:20

Өзбекстандықтар Семейде Абай туралы фильм түсіруде

Өзбекстанның кинематографшылары «Абай сөзі» деректі фильмін түсіру үшін Семейге келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Игі бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақтың бас ақыны Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттау туралы Қаулысы аясында жүзеге асып отыр. Өзбекстан елінің басшысы Ш.Мирзиёев бекіткен құжатта ұлы ақын және ойшыл Абай есімі мен мол шығармашылық мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша түркі халықтарының, оның ішінде өзбек халқының рухани даму тарихында өшпес із қалдырғаны айтылған.

Өзбек тіліндегі «Абай сөзі» деректі фильмнің  мақсаты - көрермендерді ақынның балалық шағы, өскен ортасы, шығармашылығы және мұрағат құжаттарымен жақын таныстыру.

Ташкент қаласындағы Деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдың Семейдегі музейіне келіп, кемеңгер тұлғаға қатысты құнды деректермен танысты. Сондай-ақ фильм авторлары музейге ақынның өзбек тіліне аударылған шығармалар жинағын және «Абай жолы» роман-эппопеясын тарту етті.

«Студия ұжымы 5 күн бойы Семейдегі және Жидебайдағы музейде болып, Абайдың өмір жолы, шығармашылығы туралы түсірді. Фильм осы жылдың соңында шығады деп жоспарлануда», - деді  Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің  ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай.