03 мам, 2018 сағат 12:19

Отан қорғаушы күні екенін жұбайларымыздың есіне салмасақ, ұмытып кетеді - Елбасы әзілі

Бүгін Ақордада бірқатар тұлғаларға жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын табыстаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларды алдағы Отан қорғаушы күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның Отан қорғаушы күні деп 7 мамырды атадық. 1992 жылы дәл осы күні қазақтың Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойған болатынмын. Сондықтан ер-азаматтарды, Отан қорғаушыларды біздің жұбайларымыздың, ата-аналарымыздың құттықтайтын күні дәл сол күн. Есіне сала бермесек, кейде ұмытып кетеді», - деп әзілдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өмірін әскери қызметке арнап, жас кезінен білім алып, оқып, теміртей тәртіпке мүлтіксіз бағынатын азаматтарды келе жатқан мерекелерімен құттықтады.

«Осындай еңбектің арқасында ең жоғары генерал атағын алу үлкен қуаныш деп білемін. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын! Сіздерді, жанұяларыңызды, бірге істеген жора-жолдастарыңызды құттықтаймын!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті келесі кезекте бүгінгі әлемнің құбылмалы екендігін баса айтты.

«Ертең, одан ары күні не боларын ешкім де білмейді. Дегенмен, оқ-дәріні құрғақ ұстап, барлық уақытта әзір болу, Отаның мен жерің үшін кез келген уақытта жаныңды пида етуге дайын болу қажет. Біз, барлық ер-азаматтар сол үшін дүниеге келдік және сол үшін өмір сүреміз. Егер адамға өмір берілетін болса, бірде ол өмір адаммен қош айтысады. Біз оның қайда, қашан боларын білмейміз. Барлық уақытта да жауынгерлер Отанын қорғау жолында жанын пида етуді өздерінің басты парызы санаған. Бұл қарапайым сөз емес», - деп атап өтті ҚР Президенті.