Фото: instagram.com/enot_pics
Фотограф Андрей Тюшин Қазақстан аспанында ерекше табиғи құбылысты суретке түсірді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz.
Сәуірдің 23-нен 24-не қараған түні 27 жастағы фотограф Андрей Тюшин Батыс Қазақстан облысында солтүстік шұғыланы суретке түсірген.
"Бізге поляр шұғыласы жайлы айтқанда, бірден Исландия, Финляндия немесе Ресейдің солтүстігі деп ойлаймыз, Қазақстанда болуы мүмкін екені ойға кіріп-шықпайды. Сәуірдің 23-нен 24-не қараған түні Жерде өте қуатты магнит толқуы болды, оның теріскей шұғыласы Қазақстанға дейін жетті! Менің бағым жанып, сол түні Оралдың оңтүстігінде 30 шақырым жерде болдым, осылайша осы жерлер үшін шынымен ерекше құбылысты - Қазақстан даласындағы Аврораның биін тамашаладым", - деп жазды автор сурет сипаттамасында.
Ер адам жұлдызды аспанды түсіруге машықтанған, ол Қазақстанға еңбек демалысына келген.
"Қазақстанда жүргеніме бір апта да болған жоқ. БҚО-ға еңбек демалысына келдім, мұнда достарым көп. Былтыр жазда болғанмын және жұлдызды аспанның сұлулығына тәнтімін, мұнда жарықтың ластану деңгейі өте төмен, соның әсерінен суреттер таза шығады", - деп түсіндірді ол.
Фотографтың айтуынша, оның жоспарында Айды көкжиекке тығылмай тұрғанда бірнеше сурет түсіріп қалу болған.
"Алайда түн жарымда, шамамен 00:30-да аспанда сәулелер ойнай бастады, басында мен оны шаң көтерілген шығар деп ойладым. Суретке түсіруді ойламадым, мұндай құбылысты мұнда, БҚО-да көремін деп ойламадым. Бірнеше сурет түсіргеннен кейін ғана расымен поляр шұғыласы екенін аңғардым", - дейді Андрей Тюшин.
Алматылық ионосфера институтының ғалымдары бұл жағдайды былай түсіндірді: Оралда геомагниттік обсерватория жоқ, алайда өте қуатты магнит толқуы болған кезде поляр шұғыласын орта ендікте көруге болады.
"Алматыдағы геомагниттік обсерваторияның мәліметінше, сәуірдің 23-нен 24-не қараған түні үлкен магнит толқуының бір кезеңі тіркелді - Астана уақыты бойынша, 00:00-ден 03:00-ге дейін", - деді институт өкілдері.