23 шіл, 2018 сағат 17:10

Оқушылар сөмкесінің салмағы жеңілдеуі мүмкін

Қазір таңда оқушылар сөмкесінің салмағын жеңілдету үшін мектептерде арнайы пилоттық жоба дайындау қолға алынған. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, мәжіліс депутаттарының бастамасымен білім ордаларында оқушылардың керек-жарағын сақтайтын шкафтар орнату мәселесі қаралып жатыр.

«Былтыр мәжілісі депутаты Ерсұлтан Бектұрғановтың ұсынысы негізінде аталған мәселеге байланысты жұмыс тобы құрылды. Себебі, балалар сөмкесінің салмағы ауырлай түсуі салдарынан сколиоз, остеохондроз сынды аурулар шығуы мүмкін. Сондықтан аталған аурулардың алдын алу үшін мектептерде оқушылардың керек-жарағын сақтайтын шкаф орнату ұсынысы енгізілді. Бұл жоба пилоттық негізде өткен жылдың екінші жартыжылдығында жүзеге асырыла бастады», - деді еліміздің бас санитар дәрігері.

Осы орайда Жандарбек Бекшин аталған мәселені бірден шешу мүмкін еместігін айтты.

«Бұл мәселені жарты жылдың ішінде шешу мүмкін емес, сондықтан жоспарлы түрде сыныптарда осындай шкафтар қойылып жатыр. Сол шкафтарға оқушылар ауыр оқулықтарды, аяқ-қиімдерді қалдыра алады. Бұл балалар сөмкесінің салмағын жеңілдетуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Алайда еліміздің бас санитар дәрігері бұл шкафтардың қанша мектепте қойылғанын айта алған жоқ.

«Нақты неше мектепке қойылғанын айта алмаймын, себебі тамыз айында біз мектептерді тексеріп шығамыз. Сонда қанша мектепте қанша (шкаф - автор) қойылғаны анықталады», - деді еліміздің бас санитар дәрігері.