16 мау, 2018 сағат 00:49

Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан басшысымен кездесті

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты қатынастардың қазіргі мәселелері және өзара ынтымақтастықты дамытудың алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелесті.  

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың перспективті бағыттарына тоқталып, Татарстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқыны жоғары екенін атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасында бауырластық әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын айтты.

Қазақстан Президенті сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығына назар аударды.

– Сіздерде ІТ-технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біздің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынтымақтастық та ілгерілеп келеді. Екі жақты сауда көлемі 700 миллион долларға дейін өсті. Енді 1 миллиард доллар көрсеткішіне қол жеткізу керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Татарстанның мұнай өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тәжірибесін атап өтті.

– Барлық мемлекеттер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетін болады. Бірақ, таяу 50 жыл ішінде мұнай мен газға деген сұраныс та сақтала береді. Осы уақыт кезеңін пайдаланып, біз өңдеу өнеркәсібін құруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.

– Ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту қажет. Ресейге ет өнімдерін де жеткізе аламыз. Біз жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін шет елден асыл тұқымды ірі қара малды алып келдік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамытудың және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижелеріне тоқталды.      

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, соның ішінде білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне назар аударды.

– Қазан қаласының табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Ресеймен өзара жалпы қарым-қатынасымыз тұрғысынан алғанда Татарстан жетекші орындардың бірінде. Біз екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастығымызды жалғастыра беретін боламыз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Р.Миннихановтың елдеріміз арасындағы достық қатынастарды, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан Республикасының Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Рустам Минниханов экономиканың түрлі секторларындағы тиімді екі жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

– Бүгінде Қазақстан – біздің басты серіктесіміз. Табысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі маңызды болып саналады, – деді Татарстан Республикасының Президенті.

Р.Минниханов Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму қарқынын атап өтіп, студент алмасу үдерісін жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Татарстан Президенті Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін аралап көрген кезде алған әсері жөнінде айтты.        

– «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде өтті. Сіздің арқаңызда қуатты әрі заманауи алаң бой көтерді. Осы кешеннің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы айтулы оқиға болады деп ойлаймын. Келешекте Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында жұмыс істегіміз келеді, – деді Р.Минниханов.