20 мау, 2018 сағат 10:07

Назарбаев: "Мен өз саяси болашағымды қатерге тіктім..."

Нұрсұлтан Назарбаев «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында Астана құрылысының алғашқы жылдарын еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің досым I Хуан Карлос ІІ Филипп король болған шақта ел астанасын Толедодан Мадридке көшірудің нағыз дауға айналғанын айтып берген еді. Джордж Вашингтон да елсіз далада жаңа астана салғанда аяусыз сынның астында қалды. Менің де тарапыма біраз сын айтылды. Тіпті бір газет «Президент Назарбаевтың жеке астанасы» деген тақырыппен мақала шығарды. Онда «еңбекақы мен зейнетақыға жұмсалатын ауқымды қаражатты жымқыруды ешқандай стратегиялық жоспар ақтай алмайды» деп жазған. Халық арасында Ақмолада жаз бойы аңызақ жел соғады, қыста қаланы қар басады, қаланың өзі батпақ үстіне тұр, дені дұрыс ауыз су да жоқ деген әңгімелер өріп жүрді», - деп еске алды Президент.

Ол туған өлкеде жаман жердің және жаман ауа райының болмайтынын атап өтті.

«Әрине, мұндағы климатты керемет деп айтуға келмейді. Дала бораны соғады. Бір күні боранға байланысты, әуежай тұтас тәулікке жабылған. Онда тікұшақ та қондыра алмай, Астанаға Көкшетаудан пойыз арқылы жеткенім бар. Туған өлкеңнің жаман жері бола ма екен? Мұның барлығы - біздің Отанымыз, Отанымыздың климаты, Отанымыздың табиғаты. «Туған жердің түтіні де қымбат» деген сөз бар. Сарыарқаның табиғаты өзінше сұлу. Бір жағында - Қорғалжын, екінші жағында - Бурабай. Үшінші жақта - Ерейментау, әрі қарай - Қарқаралы, Баянауыл бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Өкінішке қарай, қаланы халықаралық таныстырылымға дайындық барысын «Оба кезіндегі тойға» теңеген журналистер болды. Газеттер мен телеарналар Ақмоланың масалары туралы «армансыз» жазды, сюжет көрсетті. Ондай материалдардың ешқайсысына мән бермедім. Мән беруге уақыт та болмады. Философтар айтқан сөз бар: «Егер алдыңа мақсат қойсаң, оған жетер жолда әр үрген итке таяқ лақтырсаң, мақсатыңа мүлдем жетпейсің». Ештеңеге қарамастан, алдымда қойған мақсатқа тура жүре бердім», - деді ол.

Сонымен бірге, Президент қаланы масадан тазарту, топырақты кептіру, абаттандыру жұмыстарын қалай жүргізгенін айтып берді.

«Масалардан арылудың ең үздік жолы қаладағы топырақты кептіру болды. Бұл мәселені өте жылдам шештік. Есілдің бойындағы қамыс-қопалары шабылды, қала ішіндегі бос кеңістіктерге гүлдер егілді, асфальт төселді. Осылайша, қысыр өсек-аяңдар сирей бастады (...) Ел астанасын ауыстыру арқылы өзімнің саясаттағы келешегімді қатерге тігіп отырғанымды түсіндім. Бірақ, іске кірісіп кеттік. Ақмолаға ай сайын баратынмын, әуежайдан тіке құрылыс нысандарына бет алатынмын», - деп еске алды Нұрсұлтан Назарбаев.

Сұхбаттың толық мәтінін «Казахстанская правда» газетінен оқуға болады.