24 мам, 2018 сағат 11:10

Назарбаев Мемлекеттік күзет қызметінің жаңа басшысын тағайындады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік күзет қызметінің жаңа басшысын тағайындады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Қанат Орынтайұлы Оразқұлов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы болып тағайындалсын", - делінген ресми хабарламада.

Мемлекет басшысының Өкімімен Қанат Орынтайұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызметінен босатылды.

Айта кетсек, Қанат Орынтайұлы Оразқұлов 1970 жылы 27 қарашада Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Фурмановка ауылында туылған. 1993 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын «Орман шаруашылығы» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.  

Еңбек жолын 1993 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген тері-орман шаруашылығы Есік орманшылығында маман болып бастаған.

1994 жылғы мамырда ҚР ҰҚК органдарына әскери қызметке қабылданған. 1994 жылдан 1997 жылға дейінгі кезеңде ҚР ҰҚК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бөлімшелерінде қызмет өткерген.

1997 жылғы қазаннан Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің кадр, сапарларды және ҚР Президенттің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшелерінде әртүрлі офицерлік және басшы лауазымдарда қызмет өткеруді жалғастырған.

2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалған.

2014 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Бастығының орынбасары болып тағайындалды. 

«Елбасы қорғаны» төсбелгісімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, ҚР Президентінен және ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысынан алғыстармен, он екі медальмен, ҚР ҰҚК Құрмет грамотасымен, ҚР ПКҚ алғыстарымен және грамотасымен марапатталған.