18 мам, 2018 сағат 19:13

Назарбаев ҚазҰӨУ-ның мерейтойына арналған салтанатты концертке қатысты

Елбасы Қазақ ұлттық өнер университетінің 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концертке барды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мерекелік концертте қазақ және шетел композиторларының түрлі жанрдағы танымал туындылары көрерменге ұсынылды. Олардың қатарында Кеңес Дүйсекеевтің «Өнер ордасы» шығармасы, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан үзінді, Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әні, Леонард Бернстайнның «Вестсайд тарихы» мюзиклінен «Симфониялық билер» және басқа да көптеген туындылар орындалды.

Қазақстан Президенті барша жұртты университеттің 20 жылдығымен құттықтап, ауқымды мәдениет ошақтары елорда мәртебесін асқақтата түсетінін атап өтті.

– Шығармашыл зиялы қауым елорданың мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Мен Астанаға Алматыдан және бүкіл Қазақстаннан мәдениет саласының үздік өкілдерін шақырдым. Әлемде көптеген университет бар, бірақ Өнер университеті тек Астанада ғана бой көтерді. Бүгінде елордада Опера және балет театры, Хореография академиясы, Орталық концерт залы және басқа да мәдениет ошақтары ашылды. Осының бәрі еліміздің болашағы үшін, мәдениетіміз бен өнеріміз үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Өнер университетінің қалыптасып, дамуы үшін оның басшылығы мен профессор-оқытушылар қауымының зор рөл атқарғанын айтты.

– Университет жанында колледж, бакалавриат, магистратура және докторантура бар. 3 мыңға жуық студент білім алуда. 20 жыл ішінде университеттің 500-ден астам түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды. Сіздерге табыс тілеймін, Отанымыз – Қазақстан Республикасының абыройын асқақтататын атақты музыканттардың шығуына және жаңа есімдердің танылуына ниеттестік білдіремін! – деп түйіндеді Елбасы.