03 мам, 2018 сағат 11:58

Назарбаев екі баланы өлімнен құтқарған сарбазды марапаттады

Ақордада құқық қорғау және әскери қызметкерлерді марапаттаған Қазақстан Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі баланы өрттен құтқарған Қорғаныс министрлігі 61993 әскери бөлімі жөндеу ротасының сарбазы Ғалымжан Әлеухановқа мемлекеттік награданы табыстады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан Дулат Құрмашевті ерекше атап өткім келеді. Аса қауіпті қылмыскерлерге қарсы арнайы операция басқарып өткізген ол бірінші дәрежелі «Айбын» орденіне лайықты деп саналды», - деді Президент салтанатты жиында.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысын бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

«Қызметін мінсіз атқарып, әскери білімге білікті басшылық жасағаны үшін Жасұлан Жақыповқа екінші дәрежелі «Айбын» ордені беріледі. Биыл құрлық әскерлері арасында өткен командалық дайындық нәтижесі бойынша ол бірінші орынға ие болды», - деді Президент.

Сонымен қатар бірінші дәрежелі «Айбын» ордені Мемлекеттік күзет қызметінің аппарат басшысы Андрей Калинин мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Пластовецке берілді.

Салтанатты жиында Елбасы өз басын қатерге тігіп, екі баланың өлімнен құтқарып қалған 61993 әскери бөлімі жөндеу ротасының сарбазы Ғалымжан Әлеухановтің ерлігіне жоғары баға берді.

«Бейбіт күнде басын қатерге тігіп, екі баланы өрттен құтқарған Ғалымжан Әлеуханов ерен ерлік көрсетті. Оның бұл ісі барша жұртқа үлгі. Сол себепті «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Қазақстан президенті өрттен екі баланы құтқарып қалған ҚР ІІМ Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімше командирі Виталий Калмыковты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Сондай-ақ Елбасы Қорғаныс министрлігі 53975 әскери бөлімі авиациялық эскадрильясының экипаж командирі Нұрлан Залмұқановтың ерлігін де атап өтті.

«Әскери қызметте кәсіби біліктілік танытқан Нұрлан Залмұқанов «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Ол әскери ұшақтың апатқа ұшырауын болдырмай батыл қимылдап адам өмірін сақтап қалды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.