09 мам, 2018 сағат 20:12

Назарбаев Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты (фото)

Қазақстан Президенті Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы сап түзеген Құрметті қарауылмен бірге Даңқ мемориалындағы мәңгілік алауға гүл шоғын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар рухына бір минут үнсіздік арқылы тағзым етті.

Елбасы ардагерлер мен рәсімге қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде қазақстандықтардың фашистік басқыншыларды жеңуге зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

– Қазақстаннан майданға 1 миллион 800 мыңнан астам жауынгер аттанды. Солардың жартысы қайтып оралмады. Олар соғыста ерен ерлік көрсетті. 500 отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды. Тыл еңбеккерлері майданға қару, азық-түлік және керек-жарақ жөнелту үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сұрапыл соғысты көрмеген қазіргі ұрпақтың бақытты екенін айтты.

– Біздің аталарымыз революция мен репрессияны, әкелеріміз Ұлы Отан соғысын бастан өткерді. Ал біздің ұрпақ бейбіт заманда өмір сүруде. Бұған ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Сіздерге алғысымыз шексіз! – деді Мемлекет басшысы.

Рәсім соңында Елбасы соғыс және еңбек ардагерлерімен еркін әңгімелесті.

– Сіздер жанымызда жүргенде, біздер – балаларыңыз бен немерелеріңіз, өзімізді алаңсыз сезінеміз. Ерліктеріңізді үлгі-өнеге тұтып, сіздерден қайсарлықты, Отанымыздың патриоты болуды, Атамекенді сүюді, сондай-ақ Отанымыз үшін қасық қанымыз қалғанша күресіп, сүйікті Қазақстанымыз үшін жанымызды құрбан етуге дайын болуды үйренеміз. Қымбатты достар, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және жақсылық тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Майдангерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипаты мен қамқорлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.