12 қыр, 2018 сағат 12:09

Министрлік Сирияға кеткен қазақстандықтар туралы айтты

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді ведомство Сирияға кеткен қазақстандықтардың мәселесін назарда ұстап отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Хабар 24" телеарнасының редакциясына көмек сұрап жүгінген әйелдің айтуынша, Қазақстанның жеті азаматы 16 баламен бірге сегіз ай бойы Сириядан елге қайта алмай отыр. Олар Сирияға Орал, Ақтөбе, Алматы және Жезқазған қалаларынан барған. Айтуынша, қазақстандықтар өте нашар жағдайда тұрады, ал балалар босқындар лагерінде түрлі дертке шалдыққан. 

Мұхтар Тілеуберді Сирия мен Ирактағы азаматтардың мекенжайын анықтау бойынша жұмыс жүріп жатқанын мәлімдеді. 

"Оларды елге қайтару бойынша да мәселе қаралып жатыр. Біздің Иорданиядағы елшілігіміз бен Ливандағы бас консулдық азаматтарды іздеумен айналысуда. Бұдан бөлек біз сонда жүрген азаматтардың ата-аналарымен де байланыстамыз", — деді ол.

Айтуынша, қауіпті аймақтарға кеткен отандастарды елге қайтарумен тек СІМ ғана емес, арнайы қызмет, Қорғаныс, ішкі істер министрліктері мен төтенше жағдай комитеті де айналысып жатыр. Азаматтарды елге қайтарған жағдайда арнайы ұшақ бөлінеді. 

"Қазір Сирия мен Иракта азаматтарымыздың террористік қызметке қатыстылығы тексерілуде. Олардың кінәсіз екендігі анықталғаннан кейін, Қазақстан тарапына беріледі. Кейбір әйелдердің қасында балалары бар. Оларды отанға қайтару үшін ата-анасының баланы алып кетуге рұқсаты керек. Ал анасы немесе әкесі арнайы тексеріс аяқталғанға дейін сол жақта қала тұрады", —деді Тілеуберді.