Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанның белгілі спортшысы, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Юрьевич Теннің қайғылы қазаға ұшырағаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Орны толмас қазаға байланысты көңіл айтамын.
Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізді.
Таланты әлемнің көптеген елдерінде мойындалған Денис даңқты спортшы ғана емес, сондай-ақ бітімі ерекше тұлға, Қазақстанның нағыз патриоты еді.
Денис Юрьевич Теннің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады», - делінген жеделхатта.