31 мамырдан 2 маусымға дейін Қазақстанның көптеген бөлігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және қатты жел тұрады, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК-дан.
«Қазақстанда жиі жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Суық ауа райы сақталады. Мұндай күн райы тропосферада қалыптасқан солтүстік-батыс ауа ағындарына байланысты болып отыр. Соның әсерінен солтүстік теңіздердің жағалауында орналасқан аудандардан суық және ылғалды ауа ағындары келеді», - делінген хабарламада.
Алдағы үш тәулікте республиканың көптеген облыстарында найзағай ойнап, өткінші жаңбыр жауады және қатты жел тұрады. Ауа температурасы нормадан 1-3 градус төмен, ал орталық және шығыс облыстарда түнде үсік жүруі ықтимал.