15 қыр, 2018 сағат 16:06

Мәулен Әшімбаев: «Жас Отан» ел жастарын ортақ мүддеге біріктіретін күшке айналуы тиіс

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Бурабайда өткен «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагерінің ашылуында жасотандықтардың алдында тұрған басты міндеттерді атап өтті.

– Жасотандықтар «Жас Отанның» IV съезінде қабылданған қорытынды құжаттағы бастамаларды жүзеге асыруға басымдық беруі тиіс. Екіншіден, партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыруға да белсенді қатысуы керек. Әсіресе өңірлерде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуі қажет. Үшіншіден, «Жас Отан» ел жастарын Елбасы саясаты ортақ мүддеге топтастыратын, барлық жастар ұйымдарының басын біріктіретін қозғаушы күш болуы тиіс. Төртіншіден, ауыл жастары «Жас Отанның» басты назарында болуы керек. Партия жүзеге асырып жатқан мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңғырту, ІТ-сыныптар ашу, ағылшын тілін үйрету сияқты партиялық жобалар негізінен осы ауыл жастарының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан жасотандықтар осындай партиялық жобаларды жүзеге асыруда көбіне ауыдық жерлерге басымдық беру тиіс. Бесіншіден, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысып, ұлттық кодты сақтау, мәдени мұраларымыз бен құндылықтарымызды дәріптеу сияқты басымдықтарды жүзеге асыруда жүйелі әрекет етуі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары партиялық жаңғыру аясында партия тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы Елбасы тапсырмасына сәйкес партия қызметін жаңғырту жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осы мақсатта 20-дан астам жаңа жоба қолға алынды. Олардың қатарында жастар саясатын жандандыруға қатысты тың бастамалар да бар. Өйткені жастар мәселесі партия жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Партияның бастамасымен жастардың бағдарламалау негіздерін, робот техникаларын және 3D модельдеуді үйренуі үшін тегін «1000 ІТ-сынып» ашу жобасы жүзеге асырылуда. Одан бөлек, жас буынның дұрыс тамақтануы мен саламатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету үшін мектеп асханаларын жаңғырту және мектеп спорт алаңдарын қайта жабдықтау жұмыстарын бастап кеттік. Ауыл жастарына ағылшын тілін үйретіп, отандық кітапханаларды заманауи білім орталығы ретінде қайта құру бастамалары да партия тарапынан іске асырылуда, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Айта кетейік, «Жастар – Отанға!» жастар саяси лагері биыл қатарынан оныншы рет өткізіліп отыр. Осылайша «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде Елбасының бастамасымен акция ретінде басталған жоба тың идеялар талқыланатын тиімді алаңға айналып отыр. Мемлекеттік деңгейдегі «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резерві» сияқты ірі жобалар дәл осы лагерь жұмысының нәтижесінде қолға алынғанын ерекше атап өткен жөн.