04 шіл, 2018 сағат 13:23

Қырғыз президенті Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәліні қабылдады

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Халықаралық түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәліні қабылдады. Кездесуге Түркі академиясының өкілі, профессор Қадырәлі Қонқобаев қатысты. Бұл туралы Қырғыз Президенттінің сайты хабарлады.

Қырғыз басшысы Түркі академиясы түркітілдес халықтардың рухани мұрасын, шығармашылық және өнер құндылықтарын зерттеу, дәріптеу бағыттарында  үлкен жұмыстар атқарып жатқанын атап айтты.

«Қырғыз халқының рухани мұраларын зерттеп оны түркітілдес халықтар арасында таныту мақсатында жасап жатқан еңбектеріңіз ризашылық туғызады. «Манас» эпостық жыры мен әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың үздік әдеби туындыларын жариялаудағы сіздердің еңбектеріңіз түркітілдес халықтардың рухани жақындасуына зор ықпалын тигізеді», - деді Сооронбай Жээнбеков.


Түркі академиясының президенті Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде. Астана, Бішкек және Ташкент қалаларында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына орай еңбектер жарық көріп, арнайы конференциялар ашылғанын, «Манас» эпосы, қырғыз әдебиеті және оның тарихына байланысты іс-шаралар өтіп жатқаны туралы айтты.

«Түркі академиясы халықаралық ұйым ретінде Қырғыз елінде өтетін барлық іс-шараларға атсалысып, міндетті түрде қатысатын болады. Біздің мақсатымыз - түркі әлемін барлық салаларда, әсіресе, ғылыми бағытта біріктіру», - деді Дархан Қыдырәлі.


Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлі мен Түркі академиясының өкілі, профессор Қадырәлі Қонқобаев Қырғыз басшысын эпостың бірнеше нұсқада араб қарпімен жазылған қолжазбаларымен таныстырды. Және Сооронбай Жээнбековке Алтайда 3000 метр биіктікте табылып, жаңаша қалыпқа келтірілген қыл қыяқ аспабын сыйға тартты.


Қырғыз Президенті қонақтарға зор алғысын білдіріп қана қоймай, қолжазбаны жасауға жан-жақты көмек көрсететінін және қыл қыяқ аспабы Бішкек қаласының тарихи музейіне жеткізілетінін айтты.

ҚазАқпарат