Бас Прокурор Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен Алматы қаласы, Ақтөбе, Ақмола және Жамбыл облысы прокуратураларында кадрлық тағайындаулар өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымына аға әділет кеңесшісі Айдос Серікханұлы Майлыбаев тағайындалды.
Майлыбаев 1977 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Прокуратура органдарындағы қызметін Жамбыл облысында аудан прокуратурасының бөлім прокуроры ретінде бастады, Жамбыл және Қордай ауданы прокурорының орынбасары болып қызмет етті. 2009-2012 жылдар аралығында Алматы облысы прокуратурасының Жамбыл және Панфилов ауданы прокуроры қызметін атқарды. Тағайындауға дейін Жамбыл облысы прокурорының орынбасары лауазымында болды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 16 жылдан асады.
Жамбыл облысы прокурорының орынбасары лауазымына аға әділет кеңесшісі Жарқын Қуанышұлы Құсайынов тағайындалды.
Құсайынов 1976 жылы Алматы қаласында туған. Еңбек жолын 1993 жылы Бас прокуратураның Істерін басқару кеңсесінің инспекторынан бастап, Алматы гарнизонының әскери прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Бас әскери прокуратураның Бөлім прокуроры, аға прокуроры, Алматы қаласы прокуратурасының Басқарма прокуроры, Басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Басшылық лауазымдарда еңбек тәжірибесі мол. Алматы қаласы прокуратурасының Медеу, Әуезов ауданы прокурорының орынбасары, Бас прокуратура Департаменті Бөлімінің бастығы, Алматы қаласы прокуратурасының Басқарма бастығы болды. Тағайындауға дейін Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры лауазымында болды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 20 жылдан асады.
Алматы қаласы Әуезов ауданы прокурорының лауазымына әділет кеңесшісі Мұрат Әжінұрұлы Тілеубердиев тағайындалды.
Тілеубердиев 1973 жылы Алматы облысында дүниеге келді. Алматы қаласы аудан прокуратурасында прокурордың көмекшісі, аға көмекшісі, Алматы қаласы прокурорының көмекшісі, Алматы қаласы прокуратурасының Басқарма бастығының орынбасары, Басқарма бастығы қызметтерінде еңбек етті. Тағайындауға дейін Алматы қаласы прокуратурасында Қоғамдық мүддені қорғау басқармасында прокурордың аға көмекшісі қызметін атқарды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 18 жылдан асады.
Ақмола облысының Көкшетау қаласы прокуроры лауазымына әділет полковнигі Қуат Аманбекұлы Әбдіханов тағайындалды.
Әбдіханов 1978 жылы Жезқазған облысының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әр кезеңде Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданы прокурорының көмекшісі, Қарағанды облысы және Астана қаласы прокуратураларының Басқарма прокуроры, Бас прокуратураның Департаменті Бөлімінің аға прокуроры қызметтерін атқарды. 2009 жылдың шілде айынан бүгінге дейін Бас әскери прокуратураның Қоғамдық мүддені қорғау басқармасының бастығы болды. Прокуратура органдарындағы еңбек өтілі 17 жыл.