09 сәу, 2018 сағат 11:19

Қорғаныс министрі курсанттарды тендер бойынша тамақтандыруға қарсы

Бүгін Мәжілістегі әскери білім беру мен ғылымды дамыту, әскери-патриоттықты қалыптастыру мәселелері бойынша өткен үкімет сағатында курсанттарды тамақтандыру мәселесі қозғалды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан әскери курсанттарды үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ету конкурсында төмен баға ұсынатын фирмалардың тендерді жеңіп алатынын айтты.

«Әскери тағам құны 1225 теңге, қателеспесем. Бұл мемлекеттің үш мезгіл тамақтануға бөліп отырған қаражаты. Дегенмен де бұл тамақтандыру жеке кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу жөніндегі міндетіне келе ме? Тендерді ұтып алу үшін 700 теңгенің төңірегінде төмен бағада алып жатқанын білеміз. Бұл сомаға азаматтарды сапалы тамақтандыру мәселесі күмән туғызады. Осы жөнінде тағамның энергетикалық құрамын, сапасын қадағалау жөнінде тапсырмалар беріле ме екен? Қорғаныс министрлігі тапсырыс беруші ретінде тендер өткізіп, жеңімпазды анықтап жатыр. Толығымен осы айтылған сомаға сапалы тамақ беру үшін қандай кедергілер бар?», - деп сауалын жолдады депутат Құдайберген Ержан.

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов төмен бағамен тендерді ұтып алатын фирмалардың әскери курсанттарды қалай тамақтандыратынына өзі де таңданатынын жеткізді.

«1225 теңге, бұл тәулігіне 4231 килокалориямен қамтамасыз етеді. Сарбаздарды, курсанттарды үш рет тамақтандыру керек. Конкурсты ұтып алу үшін фирмалар өз қызметтерінің құнын 659 теңгеге төмендетеді. Біз оларға ештеңе дей алмаймыз. Заң бойынша конкурс өтеді. Биыл 200-ден аса фирма конкурсқа қатысты. Кім кем береді, сол ұтады. Бұл дұрыс емес. Басқа жағына қарамайды. «Бұлай болмайды ғой» деп осыған байланысты Премьер-министрге хат жаздым. Осы жүйені алып тастау керек. Мысалы Білім және ғылым министрлігінің мектептерге арналған принципі секілді стандартты Қорғаныс министрлігі бекітіп, тамақтануды қадағалап отырсақ дейміз. Фирманың 700-800 теңгеге әскери институт курсантын қалай тамақтандыратынын білмеймін», - деді министр.

Мәжіліс вице-спикері Владимир Божко Парламентте мемлекеттік сатып алулар туралы заңның қаралып жатқанын, осы мәселеге байланысты екінші оқылымға дейін заңға өзгерістер енгізу мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл мәселені Қорғаныс минитсрлігінде талқылай берудің қажеті жоқ. Әскери қызметкердің физиологиясын энергиямен қамтамасыз ету анықталған, тамақтандыру бағасы анықталған. Тамақтандыру 1,2 мың теңге деп бекітілсе оны төмендету болмау керек. Экономика министрлігі осы мәселемен айналысса, мектепті айттық кезінде, енді әскери мекемелер, ертең медицина мекемелерінде осындай мәселе болатын шығар. Екі есе арзан бағада адамның қарнын тойдырып отырғанда басқа жағдай жасаудың қажеті жоқ. Сабан береміз бе, қайтеміз?» - деді Владимир Божко.