03 нау, 2023 сағат 19:15

ХҚКО-да жаңа терминал: құжаттарды жылдам әрі өз бетінше алуға болады

Фото: Бағдат Мусиннің Фэйсбук парақшасынан

Қазақстанда жеке куәлікті немесе төлқұжатты бір күнде рәсімдеуге болатын жаңа терминал пайда болды. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин хабарлады.

"Бүгін Ішкі істер министрі Марат Мұратұлы Ахметжановпен бірге жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеуге арналған жаңа терминалдың тұсаукесеріне қатыстық. Енді қазақстандықтар құжаттарды өз бетінше әрі жылдам алуға өтінім бере алады.

Кезек күтуге, содан кейін көші-қон қызметінің қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, төлем жасау үшін кассаға бөлек жүгіруге уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді, сонымен қатар әрбір адам құжат үшін сәтті түскен фотосуретін өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минуттан аспайды", - деп жазды министр.


Алайда, қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгіну қажет болады. Ол өтініштің, суреттің және қолтаңбаның сәйкестігін тексереді.

"Әзірге мұндай терминал тек Астана қаласында Керей мен Жәнібек хандар көшесінің 4/1 үйінде орналасқан ХҚКО-да орнатылған. Алдағы уақытта осы жобаны барлық өңірлерде іске асыру жоспарланып отыр", - деді Бағдат Мусин.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы жобаны Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен, оның ішінде Көші-қон қызметі комитетімен және ІІМ Ақпараттық-өндірістік орталығымен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып әзірлеген.