1 шілдедегі мәлімет бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 14,2 триллион теңгені құраған. Бұл туралы бүгін қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Сенатта мемлекеттік және мемлекет кепілдендірген қарыз алу мен борышы, квазимемлекеттік сектор борышы мәселелері бойынша жиын өтті. Шара барысында қаржы вице-министрі Қазақстаның борышына тоқталды. Бекетаев соңғы жылдары Қазақстан экономикасында өсім қарқынының бәсеңдегені байқалып отырғанын атап өтті.
"Алайда қаржы министрлігі қазіргі таңда мемлекеттік қарыз деңгейі қолайлы деңгейде екенін айта алады. Іс жүзінде қарыз индикаторларының деңгейі ұйғарымды шекте және үкіметтің экономикалық блогының қорқынышын туғызып отырған жоқ", — деді вице-министр.
Оның айтуынша, мемлекеттік қарыз жыл басынан бері 704 миллиард теңгеге ұлғайған.
"2018 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, мемлекеттік борыш 14,2 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 24,8 процентін құрады. Жыл басынан бері абсолюттік мәнде 704 миллиард теңгеге ұлғайды",- деді ол.
Мемлекеттік борыштың 73,3 процентін үкімет қарызы құрап отыр. Яғни 10,4 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 18,2 проценті.
"Үкімет қарызының өсуі республикалық бюджеттің тапшылығымен байланысты. Өйткені соңғы жылдары республикалық бюджет тапшылықпен бекітіліп жүр, тиісінше үкімет берешегінің өсуі заңдылық", — деді Бекетаев.
Ал мемлекеттік борыштың 25,7 процентін Ұлттық банктің қарызы құраған. Абсолюттік мәнде 3,6 триллион теңге. Жергілікті атқарушы органдардың қарызы 150 миллиард теңге болды.
"Мемлекет кепілдендірген борыш 523 миллиард теңгені құрады. Қарыз индикаторлары ұйғарымды мән аймағында. Мемлекеттік борыш ЕАЭО-ға мүше елдер үшін бекітілген ЖІӨ-нің 50 процентінен аспайды. Мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор қарызының жиынтық мөлшері осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 28,4 триллион теңгені немесе ЖІӨ-нің 49,7 процентін құрады. Үкіметтің сыртқы қарызы мемлекет кепілдендірген сыртқы қарыз бен квазимемлекеттік сектордың борышын есепке алғанда жиынтық мәнде 39 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл ұлттық қордың валюталық активтерінен аспайды", — деді вице-министр.