ҚР Ішкі істер министрлігі соңғы бес айда Қазақстаннан 40 мың адам кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, БАҚ-та ағымдағы жылдың 5 айы ішінде 40 мың Қазақстан азаматының басқа елдерге тұрақты тұру үшін кеткені туралы бұрыс ақпарат жарияланған.
«2018 жылдың 5 айында ішкі істер органдары азаматтардың елден шығуы жөнінде 13,5 мың құжат, оның ішінде Ресей Федерациясына - 10,6 мың, ГФР - 787, Польшаға - 164, АҚШ - 143, Канадаға - 52 және Израильге - 44 құжат рәсімделген.
Қазақстан Республикасынан азаматтардың шетелге тұрақты тұруға кету себептерінің басым бөлігі - отбастарына оралу және тарихи отандарына оралу», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметтерінше, 2017 жылы елден басқа мемлекеттерге қоныс аудару туралы 39,8 мың құжат ресімделген.