«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы туристік сала бойынша 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жұмыс нәтижелері ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері негізінде жасалған.
Жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға келген шетелдіктер саны 1,78 млн адамды құрады, яғни 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,4% өсім бар.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының пікірінше, бұл орайда барлық мемлекет арасынан Үндістанды ерекше атап өтуге болады. Себебі, 2018 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанға келген туристердің 68% - үндістандықтар. Сондай-ақ, елімізде Польша (35%), Иран (12%), Германия және Оңтүстік Корея (7%) туристері көбейіп келеді.
Ел ішінде саяхаттауды қалайтын қазақстандықтардың саны 6,8% артып, 1 млн 86 мың адамды құраған.
Туризм индустриясының негізгі көрсеткіштерінің бірі жататын орынмен (қонақ үйлер, демалыс үйлер, мотельдер, балалар лагерлері, туристік базалар және басқалары) қамту қызметінің көлемі болып саналады. Ұлттық компания мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында 2017 жылғы кезеңмен салыстырғанда бір миллиардтан астам теңгеге қызмет көрсетілген. Нəтижесінде бұл көрсеткіш 19,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның барлық кезеңіндегі ең жақсы нәтиже, деп атап өтті «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы.