16 шіл, 2018 сағат 19:14

Қазақстандықтар автокөліктерін онлайн тіркей алады

Электрондық үкімет порталында пилоттық режимде жаңа сервис іске қосылды. Енді қазақстандықтар автокөліктерін онлайн түрде тіркей алады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

Егер азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, онда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына немесе ІІМ-нің тіркеу-емтихан бөлімшелеріне бармай-ақ, автокөліктерін электрондық үкімет порталында рәсімдей алады.

«Ведомствоаралық комиссия аясында біз мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жұмыстарын жүргізудеміз. Автокөліктерді тіркеу қызметіне деген сұраныс қарқынды түрде өсіп келе жатқандықтан,  біз бұл қызметті электрондық нұсқаға ауыстыру туралы ұсыныс жасадық. Бұл жаңашылдық қызмет алушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мамандандырылған ХҚО-дағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, біздің корпорация арқылы биылғы бес айда автокөлікті тіркеу және қайта тіркеу бойынша 745 592 қызмет көрсетілген», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» басқармасының төрағасы Абылайхан Оспанов.

Мемлекеттік корпорацияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, портал арқылы өтінім бергенде, ешқандай құжаттың скан-нұсқасын ұсынудың қажеті жоқ. Өйткені қажетті мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйелер арқылы алынады. 

«Бұған дейін көлікті сатушы мен сатып алушы өтінім беру үшін бір уақытта «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне барып, қажетті құжаттарды тапсыруы тиіс еді. Енді азаматтар өтінімді үйден шықпай-ақ, онлайн тәртіпте жолдай алады. Электрондық үкімет порталы арқылы біз алдағы уақытта тағы да бірқатар мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетпекпіз», - дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.

Қызметті онлайн алу үшін egov.kz порталында тіркеуден өтіп, сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Егер төленбеген қарыз болса, электрондық портал арқылы төлеуге болады. Одан кейін автокөлікті сатып алушы азамат электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы сатушы қалдырған өтініммен танысып, айыппұлдарды тексергеннен кейін нөмір белгісіне, көлік құралын тіркеуге және тіркеу туралы куәлікке төлем жасай алады. Сатып алушы өзінің электронды-цифрлық қолтаңбасымен смарт-келісімді растаған соң мамандандырылған ХҚО-ға нөмір белгісін алып кету үшін ғана келеді. Сондай-ақ нөмірді үйге жеткізу қызметіне де тапсырыс беруге болады.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың мамыр айынан бастап ҚР Ішкі істер министрлігі автокөлікті тіркеу кезіндегі салыстыруды алып тастаған болатын. Енді есептен шығару немесе көлікті тіркеу кезінде нөмірлік агрегатты тексертудің қажеті жоқ. Мұндай талап тек көлікті алғаш рет тіркегенде қойылады.

Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің мерзімі өткенге дейін ауыстыру немесе жоғалтып алу жағдайында медициналық тексерістен өтудің және психиатр, наркологтан анықтама әкелудің қажеті жоқ. Ал азаматтың электрондық-цифрлық қолтаңбасы болса, жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталы арқылы онлайн тәртіпте ауыстыруға болады.