27 сәу, 2018 сағат 00:15

Қазақстанда АҚШ-тың әскери базасын ашу туралы пайым негізсіз - елшілік

Соңғы күндері біршама ресейлік БАҚ пен интернет-ресурстарда Каспий теңізіндегі қазақстандық порттарды АҚШ әскери-теңіз күштері пайдаланатыны туралы және тіпті Қазақстан аумағында АҚШ-тың әскери базасы ашылатыны туралы негізсіз пайымды арқау еткен әртүрлі материалдар жарияланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі хабарлайды.

«Олардың (негізсіз ақпараттардың -авт.) пайда болуына 2010 жылдың 20 маусымында қол қойылған екіжақты Қазақстандық-америкалық келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама себеп болып отырғандықтан, тілшілерге аталған құжат туралы мәліметті ұсынамыз:

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімі.

Сонымен бірге, енгізілген өзгерістердің мәтінін келтіреміз:

Келісімнің 3-бабы 2-бөлігін келесі редакциямен баяндау:
«2. Арнайы жүк пен бірге баратын персоналдың коммерциялық темір жол транзиті келесі бақылау-өткізу пунктері арқылы өтуі керек:
а) Ресей Федеарциясынан/ Ресей Федеарциясына: Илецк/Жайсаң;
б) Өзбекстан Республикасынан/Өзбекстан Республикасына: Сары-Ағаш/Келес және/немесе Бейнеу/Қарақалпақстан;
в) Қазақстан Республикасынан/Қазақстан Республикасына: Ақтау порты;
г) Қазақстан Республикасынан/Қазақстан Республикасына: Құрық порты».

Жалпы, бұл жерде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға атсалысу бағытындағы барлық халықаралық бірлестіктердің күш салуы туралы айтылып отыр. Белгілі болып отырғандай, Ресей Федерациясы АҚШ-пен осындай келісім жасасып, арнайы жүктерді тасымалдауға қатысқан (ол жерде қаруландырусыз арнайы техника туралы айтылуда).

Осылайша, жоғарыда аталған ресейлік БАҚ пен интернет-ресурстардың жарияланымдарын жалған жаңалықтардың қатарындағы ойдан шығарылған негізсіз ақпарат деп есептеуді сұраймыз», - делінген хабарламада.