29 мау, 2018 сағат 12:23

Қазақстанда 10 ЖОО Назарбаев университетімен теңестіріледі

ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядан келген қазақ жастарына отандық білім саласындағы реформалар туралы айтып берді. Осы орайда Назарбаев университетінің тәжірибесін тарату жайы сөз болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Енді, біз бұрынғы жүйеден жаңа жүйеге өту үшін жаңадан оқу орындарын құрдық. Ол - Назарбаев университеті. Сіздер кеше бардыңыздар. Аталған университет дүниежүзіндегі барлық жақсы тәжірибенің негізінде құрылған. Ондағы мақсатымыз - біріншіден, ең мықты жастарды тарту. Екінші жағынан - осы университеттің тәжірибесін 120 университетке біртіндеп трансляция жасап тарату. Ол процесс жүріп жатыр. Әрине, бір күнде болмайды. Қазір он университетті де пилоттық негізде қарастырып жатырмыз. Осы Назарбаев университетіне теңестіру, одан ары қарай басқа университеттер де сол деңгейге тартылады де ойлаймыз. Болашақта оқимыз десеңіздер, келуге болады", - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік xатшы дарынды балаларды анықтау жүйесін де түсіндіріп берді. Осы орайда Г.Әбдіқалықова Назарбаев зияткерлік мектептері, "Дарын" мен "Зерденің" тәжірибесіне тоқталды. Аталған ұйымдар білімге құштар балаларды тереңдетіп оқытады.

Айта кетейік, бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік xатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркиядағы қазақ жастарымен кездесті. Олардың барлығы түрік жерінде дүниеге келген. Қазір Ыстанбұл мен Анкараның үздік университеттерінде білім алып жүр.

"Жақында мен Түркияға сапармен барғанда қазақ диаспорасымен үлкен кездесу өткіздім. Сол кезде жастар туған елін білсе екен, жақын танысса екен деп, келіскен болатынбыз. Сөйтіп, сендерді көптеген жастардың ішінен іріктеп, ең білімді, үш тілді меңгерген үзіктерді таңдап алдық. Сол жердегі зиялы қауым айтты. Сондықтан сендерді осындай үлкен жетістікпен құттықтаймын", - деп атап көрсетті Г.Әбдіқалықова.