«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин Головкин - Альварес жекпе-жегі тікелей эфирде көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Сіздермен тағы да бір жақсы жаңалықпен бөліскіміз келіп отыр. Бірнеше апта бойы жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгін түнде американдық әріптестерімізбен нақты келісімге келіп, қазақстандықтардың көптен күтіп отырған Генадий Головкиннің кезекті жекпе-жегін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары арқылы тікелей трансляция жасауға қол жеткіздік. Бұл келіссөздер ұзаққа созылды, дегенмен де әріптестерімізбен қалыптасқан жақсы байланыстардың нәтижесінде келіссөздер уақытылы аяқталып, алдағы трансляцияның негізгі шарттары мен техникалық параметрлері екі жақты қарастырылып шешімін тапты», - деп жазды Ерлан Қарин Фейсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қарымта жекпе-жегі 15 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтеді. Уақыт айырмашылығына байланысты аталған бокс кеші Қазақстанда 16 қыркүйекте таңертең басталады.