14 мау, 2018 сағат 11:48

Қазақстан Аралды құтқаруға арналған жобаларды қолдауға әзір - Гүлшара Әбдіқалықова

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Тойлы Көмековпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу кезінде Г.Әбдіқалықова екі елдің арасындағы байланыстардың күшейіп келе жатқанын айрықша атап өтті. Оған Қазақстан мен Түрікменстан президенттерінің қарым-қатынасы серпін беріп отыр. «Өткен жылы президенттеріңіз Қазақстанға мемлекеттік сапармен келіп кетті. Сол кезде ондаған келісім рәсімделді. Аталған құжаттардың ішінде стратегиялық әріптестік туралы келісім де бар. Екі елдің басшылары ауқымды әрі батыл мақсаттарды қойды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын барынша арттыру қажет. Сондықтан атқарылатын жұмыс көп», - деді Г.Әбдіхалықова.

Мемлекеттік хатшы Аралды құтқару қорының жұмысына да тоқталды. Себебі аталған ұйымның төрағалығы Түрікменстан мемлекетіне тапсырылған болатын. «Осы орайда бірқатар маңызды жобалар бар. Біз оның барлығын қолдауға дайынбыз. Жалпы, біз тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі болып отырмыз. Қазір біздің елімізде маңызды бір кезең басталды. Үлкен реформалар қолға алынып жатыр. Экономика жағынан да, саясат жағынан өзгерістер көп. Әрине, әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады. Сіз Президентіміздің бес әлеуметтік бастамасы жайында естіген шығарсыз. Оның ішінде баспанамен қамту, білім беру, шағын несиені көбейту, газбен қамту сияқты маңызды мәселелер бар. Соның барлығын іске асырғанда бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз», - деп атап көрсетті Г.Әбдіхалықова.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы 99,3 миллион долларды құрады.