Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында алтыншы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясы жабылды. Каникулға шыққан Сенат пен Мәжіліс депутаттары кулуарда журналистерге қайда демалуды жоспарлап отырғандарын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бақыткүл Хаменова демалысын қайда өткізетінін шешпегенін айтты.
«Аймақтарға барамыз. Жұмыс сапарынан кейін қайда баратынымды білмей отырмын. Отбасылық жағдайға орай ана болған соң балаларды мектепке дайындайтын боламын», - деді ол.
Ал Хаменованың әріптесі Гүлжан Қарақұсова болса балалардың таңдауы бойынша демалатынын жеткізді.
«Жоспарларым үнемі немереме байланысты болады, себебі онымен өте сирек жолығамын. Қайда уақыт өткізетінімізді ата-анасы шешеді», - деді депутат.
Мәжілісмен Омархан Өксікбаев каникулда аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесетінін атап өтті.
«Олармен бірге қоғамда бар мәселелерді талқылап, Мемлекет басшысының бастамаларын, заңнамадағы жаңалықтарды оларға жеткізетін боламыз. Парламент қабырғасында қабылданған заңдар қаншалықты сапалы және өмір сүру деңгейін қаншалықты жақсартатыны туралы тұрғындардың өздерінен естігіміз келеді» , - деді Өксікбаев.
Павел Казанцев демалыстың шілде соңында басталатынын, оған дейін аймақтарды аралайтынын мәлімдеді. Ал демалысын Қазақстанда балық аулаумен өткізбек.
«Каникулға шықты деп бәрі айтады. Каникул дегеніміз екі ай Парламенттің ресми қызметі тоқтайды деген сөз, яғни жалпы отырыстар, жұмыс топтарының отырыстары болмайды. Ал біздің еңбек демалысымыз шілде аяғында басталады. Қазір сессияның жабылуына байланысты шаралар өткен соң 10 күндей аймақтарға сапарға шығамыз. Одан кейін жеке сапарларға уақыт болады. Ескі сақалды турист ретінде әдеттегідей балық аулауға барамын. Теңізді жақсы көрсем де биыл онда бару жоспарымда жоқ. Жазды Қазақстанда өткізіп, өзендер мен көлдерге баруды ойлап отырмын. Шығыс Қазақстанға балық аулауға, Алакөлге шомылуға барамын», - деді ол.
Майра Айсинаның қалауы тек Алматы, себебі сонда тұратын жақын құрбысының мерейтойы болмақ.
«Алматыға қатты барғым келеді, бірақ жұмыс сапарымен онда жол түспейін деп тұр. Ең жақын құрбымның мерейтойы болған соң міндетті түрде Алматыға барамын. Басқа да республикадан көптеген достарымыз келейін деп отыр, сол себепті осы шараны қатты күтіп жүрмін. Барлық депутатта 10 күн өздерінің денсаулықтарын жақсартып алуға мүмкіндігі бар, сол себептен суы жақсы деп бәрі мақтайтын Ессентукиге бармақшымын. Халыққа ақыл айтқаннан кейін өз елімізде демалғанымыз дұрыс сияқты. Екі жұмадай Алакөлде болдым, ол жақтағы мәселені өз көзімізбен көріп келдік. Сол себептен пойыздың, ұшақтың жүріп жатқанына біздің де үлесіміз бар. Көп депутаттар барып, ол жерді көріп келгеннен кейін депутаттық сауал арқылы комитет отырысында айтып, әлеуметтік желіні пайдаланып көп нәрсені жасатып жатырмыз. Сол себептен елде жүргеніміз дұрыс деп есептеймін», - деді Айсина.
Депутат Шавхат Өтемісов жазғы демалысын әзірге жоспарламағанын айтты.
«Жұмыс аяқталсын, ең бастысы ол аймақтарға барып сайлаушылармен кездесуіміз керек. Содан кейін барып қана жоспарлаймыз. Астана күні осында боламыз», - деді ол.