КСРО халық әртісі және Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Иосиф Кобзонның өлімі жайында ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары хабарлап жатыр, деп жазады Sputnik.
Атап айтқанда, суыт хабар "Ресей 1" және "Ресей 24" телеарналарында тарады.
Қазіргі таңда 80 жастағы әртістің қайтыс болғаны ресми түрде расталған жоқ, алайда журналистер дереккөздерге сілтеме жасап отыр.
Шілде айының соңында БАҚ-та Кобзонның ауыр хәлде ауруханаға түскені хабарланған еді. Ол Мәскеу онкологиялық орталығына 20 шілдеде жатқызылған.
Кейінірек тілшілер әншінің комаға түскенін хабарлағанымен, әпкесі Гелена Кандель бұл ақпаратты теріске шығарған.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты болған Иосиф Кобзон ұзақ уақыт ауыр дертпен күресіп келген. Осыдан 13 жыл бұрын дәрігерлер әншінің ағзасынан қатерлі ісікті анықтаған. Ол 2005 жылы Германияда операция жасатып, сол кезден бері дәрігерлердің мұқият бақылауында болған.
2010 жылы қазанда 73 жастағы Кобзон Астанада әлемдік рухани мәдениет форумында ән шырқап тұрып екі рет есінен танып қалды. Дәрігерлер сахна үстінде әншіге алғашқы көмек көрсеткен болатын. Әртіс қатерлі ісік салдарынан, қан аздық ауруына ұшырап, сахнада талып қалса керек.