11 сәу, 2018 сағат 08:52

Головкиннің келесі қарсыласы Гэри О’Салливан болуы мүмкін

Boxingtalk.com дерегіне сәйкес, Невада штатындағы Атлетикалық комиссия (NSAC) Лас-Вегастағы MGM Grand аренада 5 мамырға жоспарланған Геннадий Головкиннің жекпе-жегі өтпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

Енді боксшы 5 мамыр күні рингке шығып жатса, жекпе-жек Лос-Анджелес қаласының сыртында орналасқан Карсоне қалашығында, StubHub Center шаршы алаңында өтпек.

Айта кетсек, бұған дейін BoxRec.com сайты да GGG келесі жекпе-жегі  өтетін орын ретінде Карсонды белгілеген еді.

Әзірге Головкиннің нақты қарсыласы да анықталған жоқ. Болуы мүмкін кандидаттар арасында ирландиялық Гэри О'Салливан мен украиналық Сергей Деревянченко бар. АҚШ боксшысы Ванес Мартиросянның кандидатурасы бұл тізімнен алынып тасталды.

Ал WBC президенті Маурисио Сулейман Гэри О’Салливанды Геннадий Головкиннің 5 мамырдағы қарсыласы ретінде көргісі келетінін мәлімдеді.

"Гэри - WBC рейтингіне кіретін ғажап боксшы. Ол "Таза бокс" бағдарламасы үшін құжаттарды толтыруы тиіс. Оны қабылдайды деген үміттемін, өйткені Головкин өз титулдарын қорғауы қажет. О’Салливан 4 мамырда рингке шығуға дайындалды. Ол белбеуді өз еркімен қорғауға лайықты қарсылас. Әлемдегі үздіктермен кездесуге таңдап алынған қызықсыз немесе кездейсоқ боксшы емес екенін де айта кету керек. Ол рейтингтерге кіреді және жұдырықтасуға дайын," - деп атап өтті Сулейман. 

Сондай-ақ кеңес президенті 21 жастағы мексикалық Хайме Мунгияның GGG деңгейіндегі қарсыласпен шығуға тәжірибесі жеткіліксіз деген пікірмен келісті.    

"Мунгия – тамаша қарсылас, алайда бұл неге әкеліп соқтыратыны белгісіз. Мұндай жекпе-жек оның карьерасы үшін тым ерте болуы мүмкін. Басқа боксшылар көп қой", — деп түйіндеді ол.