11 шіл, 2018 сағат 09:48

Геннадий Головкин өз белбеулерін жаңадан жасатады

Жақында WBA Super, WBC мен IBO бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин төрт белбеуін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйлады. Күні кеше барлық белбеулер ҚР Президенті мұражайына тапсырылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненконың айтуынша, спортшы өз белбеулерін біреуге сыйласа, бокс ұйымдары оған дубликатты жасап бере алады. Сондықтан алдағы жекпе-жекте Геннадий Головкин жаңадан жасалған белбеулерін алып шығады. «Негізі, ондайда боксшының командасы халықаралық бокс федерацияларын ескертіп қояды. Соның негізінде белбеулердің көшірмелері жасалады. Өйткені әр түрлі жағдайлар болады ғой. Біреуге сыйлайды, жоғалтады, я болмаса, ұрлатып алады. Ондайда дубликатты жасап береді. Әрине, белбеудің көшірмесі тегін жасалмайды. Оған ақша төлеуге тура келеді», - деді В.Демьяненко ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кеткен жөн, ҚР Президент мұражайына берілген белбеулердің ішінде IBF ұйымының атағы да бар.

В.Демьяненконың сөзіне қарағанда, аталған бокс федерациясы өз белбеуін алып қойса да, Головкин осы тұжырымның чемпионы болып қала береді. Себебі ешкімнен жеңілген жоқ. Белбеуді де өзінде қалдыруға құқығы бар.

«Геннадий IBF чемпионы болып қала береді. Мысалы, «2015-2018 жылдары болған әлем чемпионы» деп жазады. Алдағы уақытта осы атақты қайтарып алса, екі дүркін чемпион атанады», - деп атап көрсетті В.Демьяненко.

Айта кетейік, 15 қыркүйекте Геннадий Головкин мексикалық Сауль Альвареспен кездеседі. Уақыт айырмашылығына байланысты Қазақстанда аталған жекпе-жек 16 қыркүйекте көрсетіледі. Сол кезде WBA Super, WBC мен IBO белбеулері сарапқа салынады. Ал қазан айында Дэниэл Джейкобс пен Сергей Деревянченко IBF титулы үшін таласады. Алдағы уақытта осы екі жекпе-жектің жеңімпаздары жұдырықтасуы әбден мүмкін.