05 қыр, 2018 сағат 10:20

Еліміздің кей аймақтарында қар аралас жаңбыр жауады

Қазақстанның солтүстік аумақтарында жоғары циклон қалыптаса бастады. Циклон алдағы үш тәулікте республиканың көптеген облыстарында ауа райына ықпал ететін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің ақпараты бойынша, алдымен солтүстік, кейін орталық және шығыс облыстардың жекелеген жерлерінде жаңбыр қайта күтіледі. Солтүстікте 8 қыркүйек күні түнде жаңбырдың соңы қарға ұласады. Түнде және таңертең тұман түсіп, көру мүмкіндігі 500 метрден аз болады.

Батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда жауын-шашын болмайды. Ауа температурасы Қазақстанның барлық аумағында көпжылдық орташа көрсеткіштерге жақын болатыны күтіледі. Ал солтүстік және орталықта одан төмен болады.