Қазақстанда Моңғолиядан кедендік заңнама нормаларын бұза отырып әкелінген автомобильдер бар. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгінгі күні еркін саудада Моңғол Халық Республикасынан кедендік заңнама нормаларын бұза отырып әкелінген автомобильдер бар. Заң бұзушылар ішкі істер органдарында тіркеу есебіне қою үшін жалған кедендік құжаттарын пайдаланған.
Заңсыз айлалар Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы кеден қызметтерінің ақпараттық жүйелерінің деректер қорын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде есепке алу туралы деректерімен салыстыру нәтижесінде анықталды. Негізінен 2001 - 2010 жылдары шыққан Оңтүстік Корея өндірісінің автомобильдері (Хундай, Киа) әкелінген.
Қазіргі кезде кедендік баждарды, салықтарды төлеуді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік кірістер органдарымен контрабандалық автомобильдерді кідірту бойынша шаралар қабылдануда.
Осыған байланысты, азаматтарды жүрілген көліктерді сатып алу кезінде сақ болып, автомобильдің кедендік тазартудың дұрыстығын аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну жолымен тексеруге ерекше назар аударуды ұсынамыз»,- делінген комитет таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, ведомство қазіргі кезде мемлекеттік кірістер органдарымен кедендік заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатқан автомобильдердің тізімін мына сілтеме арқылы қарауға болатындығын хабарлайды.