Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин жүзуден Испаниядағы ашық чемпионатында екінші алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kazsport-қа сілтеме жасап.
Отандасымыз 50 метрлік брасспен жүзу жарысында қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені жеңіп алды. Финалда Дмитрий аталған қашықтықты 27.80 секундта жүзіп өтті. Қазақстандық тағы бір жүзуші Айбек Қамзенов 28.56 секунд көрсетіп, қола медаль еншіледі.
Естеріңізге салсақ, Баландин кеше 200 метрлік брасс қашықтығында алтын алған болатын. Оған дейін Әділбек Мусин 50 метрлік баттерфляй жарысында күміс медальға қол жеткізді.
Айта кетейік, жүзуден Ұлттық құрамамыз Малагадағы халықаралық жарыста маусымның басты додасы - Азия ойындарына дайындалуда.