30 мам, 2018 сағат 00:17

Димаш Құдайберген туған жеріне келді

Әнші Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбе қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Бақытты бала» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өтеді. 1-2 маусым күндері Өнер орталығында өтетін байқауға Димаш Құдайберген де қатысып, үміткерлердің өнерін тамашалайды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, гала концерт, марапаттау кезінде Димаш Құдайберген, Данеля Төлешова ән шырқайды. Ақылдастар алқасына кірген әнші Димаш Құдайберген фестиваль соңында өзінің атаулы жүлдесін табыс етпек.

«Байқауда әділқазылар алқысы мен ақылдастар алқасы бар. Димаш ақылдастар алқасына кіріп отыр. Ол конкурсқа қатысушыларды тыңдап, өз пікірін айта алады. Бірақ әділқазылардың шешіміне араласпайды. Ал гала концерт кезінде Димаш Құдайберген бірнеше ән айтады», - деді «Димаш Али» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің «Бастау» атты концертінде шоу дайындаған режиссер Анна Обоянская «Бақытты бала» байқауының гала концертін өз қолына алды.