10 қыр, 2018 сағат 10:42

Депутаттар министрліктен жол құрылысына кедергі келтірмеуді талап етті

Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Ауыл шаруашылығы министрлігінен орман қоры учаскелерін жол құрылысына беру шараларын жылдамдатуды талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол құрылысы үшін пайдаланылатын жерлерге орман қорының 11 учаскесін  ауыстыру бойынша келісу шараларының негізсіз ұзаққа созылуы мәселесіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударған жөн. Бұл ретте 118 гектар жер Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл жобалар 2015 жылдан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауында жатыр. Жол салатындарды дәліздерде ерсілі-қарсылы жүргізіп қойғанды доғару керек. Олардың онсыз да проблемалары аз емес», - деді Владимир Божко.

Бұдан бөлек депутаттар Салық кодексінің 748 бабы аясында 2018 қаңтарынан бастап жол салатындар үшін инертті материалдар құны 10 есеге артқанын сөз етті.

«Неге осындай үйлесімсіздік орын алып отыр? Атап айтқанда, жер қойнауын пайдалану мен жол салатындар бір министрліктің құзырында. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, жол құрылысын тежейтін мұндай фактілердің дер кезінде алдын алу қажет», - деп түйді В. Божко.