Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-дағы қызықты оқиғалар туралы баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Оның айтуынша, ҰБТ білімді ғана тексермейді, ғашықтарды да табыстырады.
«Бізге жақында Мерей есімді астаналық түлек хабарласты. Ол қаңтар айында «Мега» сауда орталығында Астанаға қонаққа келген Арай есімді шымкенттік арумен танысқан. Бірақ, оның байланыс нөмірін алып үлгермеген және Арайдың биыл ҰБТ тапсыратынын біліп, ҰБТ-ның онлайн трансляциясы арқылы оны тапты. Сүйіктісі сынақ тапсырған пунтті анықтаған бойда, Мерей бізге хабарласып, оның байланыс нөмірін табуда көмек сұрады. Көрдіңіздер ме, ҰБТ білімді ғана тексермейді, ғашықтарды да қосады», - деді Рамазан Әлімқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Орталық басшысы астаналық бозбаланың тілегін жерге қалдырмай, Арайды іздеп жатқандарын хабарлады.
«Бізде қай аудиторияда кімдердің тест тапсырғаны туралы ақпарат бар. ТЖК, ЖСН нөмірлері қолымызда. Аталған бөлімшеде Арай есімді қанша қыздың болғанын анықтаймыз және аты-жөні мен байланыс нөмірін келісім бойынша астаналық жігітке бере аламыз. Бұл бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жастарға сәттілік тілейміз», - деді ол.
Айта кетейік, ҰБТ-ның алғашқы үш күнінде Қазақстандағы орташа балл 83-ті құрады. Ең жоғары нәтиже Алматы қаласында Т. Рысқұлов атындағы ұлттық экономикалық университетте тіркелді. Онда алматылық Хамзин Дәулет Азатұлы 139 балл жинады.
Республика бойынша 704 мектеп бітіруші 130-139 балл аралығында нәтиже көрсеткен.
Республика бойынша 704 мектеп бітіруші 130-139 балл аралығында нәтиже көрсеткен.
Биыл республика бойынша мектеп бітірушілердің 70%, яғни 102 мыңы ҰБТ тапсырады. Мектеп бітірген 147 мың түлектің басым бөлігі ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырады.
ҰБТ-да жалпы 80 мың сұрақ болады. 2018 жылға арналған Ұлттық бірыңғай тест сұрақтары 50 пайызға жаңартылған.
Қазақстандық мектеп бітірушілерге Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтуге екі рет мүмкіндік беріледі. Екеуінде де қажетті балл жинай алмаған балалар ЖОО-ға шартты түрде қабылданады.