Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында тілтанушы, этимолог, теолог ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Берікбай Сағындықұлының көшбасшылық дәрісі болып өтті.
Профессор Берікбай Сағындықұлы – тілді тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттей жүріп, силлабология теориясының негізін қалаған, оны алтыншы тілдік бірлік ретінде ғылыми айналысқа енгізген ғалым. Бұл – кез келгеннің тісі бата бермейтін осы бір ауыр міндетті орындауға бел буған ғалымның ұзақ жылғы зерттеуінен туған төл жаңалығы. Сондықтан тіл тарихын зерделеуде дәрістің мәні зор, берері мол болды.
Тілдің қатпарында жасырынып жатқан архесиллабтарды табу, оны сөз құрамынан ажырату – қиынның қиыны. Ғалым ең алдымен дыбыстың арғы тегі (архетип) мен түпкі тегін (прототип) жіті зерттегенде ғана аса ежелгі түбіртектерді анықтауға мүмкін болатындығын көрсетіп, олардың жұмсалу сипаттарын түсіндірді. Түбіртекке тән басты белгілерді көрсете отырып, оған анықтама берді. Тарихи даму нәтижесінде өзгеріске ұшыраған түбірлердің барлығы бір кездегі силлабофонемалар екендігін дәлелдеді. Тілдің барлық жүйесін қамтитын үнемдеу заңы туралы, сөздерді қалпына келтіруге қатысты қызықты мысалдар келтірді. Түркі тілдеріндегі сіңісу, жылысу құбылыстары туралы айта келіп, жылысқан дыбыстарды анықтамайынша түбіртекті зерделеу мүмкін емес. Осылардың барлығы математикалық логикаға сүйеніп жасалады дейді ғалым. Бұл орайда ғалымның компонентті талдау әдістерін терең қолданғандығын байқаймыз.
Тіл тарихының нағыз білгір маманына қойылған сұрақтар да көп болды. Дәріске қатысушылардың шынайы көңілден білдірген алғыстары да аз болмады. Келешекте профессордың жаңа теориясының әлемдік лингвистикада қызығушылық тудырары сөзсіз деп ойлаймыз.
Қазақ тіл білімі кафедрасының
профессор м.а., ф.ғ.д. Тымболова А.О.,
доцент Саткенова Ж.Б.