26 қар, 2024 сағат 19:29

Өзбекстанға саяхаттайтындар нені білуі керек?


Фото: yandex.kz

Кейінгі жылдары Қазақстан тұрғындары көршілес Өзбекстанға жиі саяхаттайтын болған. Оның бір себебі кез келген саяхатшыны өзіне тарта алатын көрші елдің көрікті жерлері болса, екінші себебі біздің ел тұрғындарының қалтасына ауыр тимейтін қолжетімді бағалар. Өз ағамыздың еліне саяхаттауға ниеттілердің қалауын ескеріп, ULT.KZ тілшісі Өзбекстанға саяхаттаушыларға тиімді кеңестер ұсынады. 

Әдетте туристер Өзбекстанға ортағасырлық Шығыстың атмосферасына еніп, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрлерімен танысып, әйгілі өзбек қауын-қарбызы мен палауынан дәм тату үшін келеді. Көне ескерткіштерді аралаудан үзіліс алғысы келетіндер жергілікті Диснейлендке барып, Шарбақ курортында демалуы немесе Шымған тауларына саяхаттауы, Білдірсай аспалы көпіріне мінулеріне болады.

Ел туралы негізгі мәліметтер

Әуе билетінсіз елде бір күндік комфортты демалысқа 20-30 мың теңге жұмсалады. Оған қонақ үйде түнеу, тамақтану, пойызбен әлде таксимен жүру, көрікті жерлерді аралау, тәттілер мен шағын кәдесыйлар сатып алу кіреді. Бұл бюджет қазіргі таңда жеке экскурсиялық турлардың есебімен есептелді.

Жергілікті тұрғындар қонақжай және ақкөңіл. Олар сізге еш қиындықсыз жол көрсетеді, бағалар туралы ақпаратпен бөліседі және такси табуға көмектеседі. Қонақжайлылығы жағынан Өзбекстан барлық Орталық Азия республикаларының еш бірінен кем түспейді.

Климаты күрт континенттік, құрғақ. Республиканың көп бөлігінде жылына 80-200 мм жауын-шашын түседі. Қаңтарда солтүстік-шығыста термометр -10 °C-қа жетеді. Ал шілдеде ауа +50 °C дейін қызады. Жаздың ыстығына шыдамсыз жандар Өзбекстанда қыста қыдыруларына болады. Бұл мемлекетте қыс жылы әрі жауын-шашынның аздығымен жайлы.

Қашан бару керек?

Өзбекстанға барудың ең жақсы уақыты – желтоқсан, наурыз және қыркүйек пен қазан айлары. Дегенмен Өзбекстнның есігі туристерге әрқашан ашық. Жаз айларында қатты ыстыққа байланысты саяхаттау ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ құрғақ климатта ыстыққа төзімді жандар кешкі Ташкент пен Самарқандтың әсем көріністерін тамашалауына болады.

Таксилер мен қоғамдық көліктер кондиционермен сирек жабдықталған, сондықтан жол жүру ыңғайсыз болады. Күз бен қыс мезгілінде ауа-райы ашық және құрғақ, ал температура + 15-20 ° C дейін төмендейді, бұл ұзақ серуендеуге оңтайлы. Қыста қала маңындағы шаңғы курорттарына баруға болады, бұл уақытта туристік өмір тоқтап қалмайды.


Фото:flickr.com

Ауа температурасының жоғары болуына қарамастан Өзбекстанда тым ашық киім кию әдетке айналмаған. Өзбекстанға саяхаттау үшін ешқандай арнайы киім үлгісі талап етілмейді. Бірақ Ташкентте және басқа да ірі қалаларда тұрғындар мини-юбка кигендерге ерсі қарауы мүмкін. Ескеретін бір жайт, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа», сондықтан бұл елдің де дәстүрі мен таным-түсінігіне құрмет пен түсіністік танытқан жөн. Ерлер шорты аз киеді, ал әйелдер иығы жабық, жеңіл көйлек киюге әдеттенген. 

Қазан және қараша айларында өзіңізбен бірге жылы киім алғаныңыз абзал, өйткені кейде түнде ауа айтарлықтай суытады. 

Фото:wikipedia.org

Бағалар

Өзбекстан бойынша саяхаттау үлкен шығындарды қажет етпейді. Әйгілі Ташкент орталығындағы палаудың ең қымбат порциясы 25 000 - 30 000 сум аралығында (1100 тенгеден сәл астам), шелпек немесе самса – 7000 сум (250 теңгеден астам), шай – 2000-5000 сум (90-200 теңге аралығында). Асхана мен шайханалардағы тағам өте майлы болғанымен, арзан әрі дәмді. Қонақ үй кафелері барлық туристерге қызмет көрсетуге қуанышты, шексіз фуршет (швед столы) құны 5 доллар (2500 теңге).

Көлікті жалға алу ең қымбатқа түседі, диапазон тәулігіне 15-20 мың теңге аралығында шығындануға тура келеді. Дегенмен шетел көліктерін алу бағасы әлде қайда жоғары. Тиімдісі такси қызметіне жүгінген дұрыс. Шығындардың екінші негізгі бөлігі – жеке экскурсиялық турлар мен гид қызметтері (күніне 15 мың). 

Қонақ үйді әлеуметтік желі немесе сайттарды қолданып брондау оңай, салыстырмалы түрде жайлы қонақ үй бағасы 10 мың теңгеден басталады, жақсы қонақүйдегі бір түннің құны 15-30 мың теңгені құрайды. Базарларда дәстүрлі сауда негізінде баға 10-20 пайызға көтеріледі. Сондықтан әрқашан сатушымен саудаласқан абзал. Базарларда саудаласу әдетке айналған және саудагерлердің сүйікті ісі. Егер сіз бұл қызыққа қатысқыңыз келмесе, ренжімейсіз, тауар сізге нақты бағасынан сәл қымбатқа түседі.

Қыста баруға болатын көрікті жерлері

Негізгі демалыс орны Тянь-Шань тауларындағы Шымған тау шаңғысы курорты. Мұнда туристерді таза ауа, шыршалы ормандар және аспалы көпірмен серуендеп тауларды аралау мүмкіндігі қызықтырады. Шымған Ташкенттен 80 км қашықтықта орналасқан және жыл бойы қонақтарды қуана қарсы алады.

Ташкент - Өзбекстанның негізгі және ең заманауи қаласы. Мұнда көне жәдігерліктер көп қалған жоқ, бірақ қалада көптеген қызықты мұражайлар, театрлар мен кітапханалар бар. Жергілікті Диснейлендке, аквапаркке немесе жақын маңдағы тау шаңғысы курорттарына баруға болады. Телемұнарадағы танымал туристік айналмалы мейрамхананың терезелерінен қаланың керемет панорамасы ашылады. Одан бөлек, қазіргі таңда еліміздің туристері Ташкентте жаңадан ашылған Magic City паркіне көп саяхаттауда.