22 қар, 2024 сағат 10:44

Жұмысқа орналастыру үшін пара алған: «ҚТЖ» депосының бастығы сотталды

Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық соты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының Жем пайдалану локомотив депосы басшысына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол тепловоз машинисінің көмекшісі лауазымына жұмысқа орналастыру үшін делдал арқылы 1,5 миллион теңге пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкіміне сәйкес, депо басшысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, делдал-менеджер 1 жыл 6 айға, ал пара берген адам мен оның көмекшісі 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Айта кетейік, сот актісі әлі заңды күшіне енген жоқ.