Фото: istockphoto.com
Алматы полициясы кәмелетке толмаған екі жасөспірім қаза тапқан жаппай төбелеске қатысты тергеу деректерін жариялады. Кісі өлтіру күдігімен үш адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Алдымен компьютер клубында басталған жанжал көшеде жаппай төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 17 жастағы екі жасөспірім пышақ жарақатын алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.
Қаза тапқандардың туыстарының айтуынша, жараланғандардың бірі алдымен полиция бөлімшесіне жеткізіліп, медициналық көмек кеш көрсетілген. Алайда полиция бұл деректерді жоққа шығарған.
Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек төбелеске шамамен 12 адам қатысуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, үш күдіктіге “Кісі өлтіру” бабы бойынша айып тағылып, олар қамауға алынған. Қалған қатысушыларға “Бұзақылық” бабы бойынша іс қозғалған.
“Оқиғаның барлық хронологиясы бейнебақылау арқылы толық қалпына келтірілді. 103 қызметіне шақырту түскен сәттен бастап, жедел жәрдемнің келуі мен ауруханаға жеткізілу уақытына дейін минутына дейін белгілі. Ауруханаға жеткізу уақыты шамамен 5–6 минутты құраған”, – деді Салтанат Әзірбек.
Тергеу жалғасып жатыр.
