05 мам, 2026 сағат 15:46

Оралда ағайындылар жертөледе есірткі өсірген: 14 млн теңге тәркіленді


Фото: Polisia.kz 

Батыс Қазақстан облысында полицейлер есірткі өсіруге арналған жасырын фитозертхананы әшкереледі. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Ақпан айында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Орал қаласында қарасора өсірді деген күдікпен ағайынды екі жігіт ұсталды.

Тексеру кезінде олардың бірінің жеке үйінен желдету жүйесі мен жарықдиодты шамдармен жабдықталған жасырын жертөле табылды. Онда 7 түп қарасора, буып-түйілген өсімдік тектес заттар, арнайы құрал-жабдықтар және 14 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленген.

Ал екінші күдіктінің пәтерінен арнайы жабдықталған екі жылыжай-шатыр анықталды. Полиция қызметкерлері ол жерден 22 түп қарасора, түрлі пакеттер мен ыдыстарға салынған өсімдік тектес заттарды және өсіруге арналған құрылғыларды тәркіледі.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 20 жастағы курьерден 2,5 келі есірткі тәркіленген болатын.