04 мам, 2026 сағат 16:28

Шымкентте дрифт жасаған жүргізуші қамауға алынды


Бейнеден алынған кадрлар


Шымкент қаласында көше қиылысында қауіпті дрифт жасаған жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Полиция мәліметінше, 34 жастағы ер адам қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жол қозғалысы ережелерін елемеген, деп хабарлайды Ult.kz.


Тәртіп бұзушы Mercedes-Benz көлігімен әдейі дрифт ұйымдастырып, күрт маневрлар жасап, қарсы жолаққа шығып кеткен. Оның бұл әрекеті жол үстіндегі өзге қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген.

Жүргізушінің айтуынша, ол мұндай қауіпті әрекетке інісінің үйлену тойын «ерекше атап өту» үшін барған. Алайда мұндай «тойлау» қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін еді.


Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде құқық бұзушы анықталып, ұсталды. Сот шешімімен оған әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.


Құқық қорғау органдары азаматтарға жолдағы жауапсыз әрекеттердің ауыр салдары болатынын ескертіп, қауіп төндіретін кез келген заң бұзушылық қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.