Фото: Хабар24
Фармацевтикалық нарықта ірі қаржылық заңбұзушылық әшкереленді. "Интерфармсервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары 3,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
Аталған компания Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілік препараттарды бес жыл бойы Қазақстанға жеткізіп келген. Өндіруші тарап бұл дәрілерге шекті баға белгілегенімен, компания басшылығы қосымша пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген өздеріне бағынысты ұйымды енгізіп, жалған мәмілелер жасаған.
Осы схема арқылы препараттардың бағасы негізсіз қымбаттатылып, ірі көлемде заңсыз пайда алынған.
Сонымен қатар, салықтан жалтару үшін әртүрлі жеке кәсіпкерлермен жалған келісімдер жасалып, жалған шот-фактуралар арқылы қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған. Нәтижесінде 4 млрд теңгеден астам қаржы заңсыз шығарылып, мемлекетке 637 млн теңгеден астам салық төленбеген.
Тергеу мәліметінше, заңсыз табыс есебінен күдіктілер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Бұл мүлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды.
Қазіргі таңда екі күдікті үйқамақта отыр, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
