19 жел, 2024 сағат 18:33

Бұрынғы қызының интимдік суреттерін таратқан ер адам 3 жылға сотталды

Фото: Pexels.com

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғыны бұрынғы сүйіктісіне қатысты ар-намысты таптайтын әрекеттері үшін сотталды. Ол қыздың жеке суреттері мен хаттарын таратып, желіде жариялағаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам Telegram мессенджерінде арнайы топ құрып, оған 22 жастағы қыздың жақындарын, достарын және туыстарын қосқан. Осы топта ол жәбірленушінің интимдік фотоларын, жеке хат-хабарларын және құпия деректерін бөліскен. Сондай-ақ TikTok-та жаңа аккаунт ашып, жәбірленушінің дауысын жазып, оны бейнемазмұнмен бірге жариялаған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындап, әрекетіне өкінгенін мәлімдеп, жәбірленушіден кешірім сұрады.

"Сот анықтағандай, айыпталушы бұрынғы сүйіктісін көпшілік алдында масқаралау мақсатында Telegram желісінде топ құрған. Топқа жәбірленушінің жақындарын қосып, оның екі жалаңаш фотосын, жеке хат-хабарларын және құпия деректерін жариялаған. TikTok желісінде де аккаунт ашып, жәбірленушінің дауыстық жазбасын бейнемазмұнмен қоса жариялаған", – деп хабарлады Сәтбаев қалалық сотының баспасөз қызметі.


Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу және жеке деректерді заңсыз тарату) кінәлі деп танылды.

"Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Ол жазасын орта қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ", – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.