13 нау, 2026 сағат 13:51

Түркістан облысында жоқ малға субсидия алған кооператив төрайымы сотталды


Фото: agroinfo.kz


Түркістан облысының Арыс ауданында агроөнеркәсіп саласында аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.


Бас прокуратураның мәліметінше, “Ы” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрайымы 2021 жылдың сәуір айында мемлекеттік ақпараттық жүйеге жалған мәлімет енгізген. Ол кооперативке 2470 бас аналық ірі қара мен 120 бас асыл тұқымды бұқа жалға алынған деп көрсеткен.


Осының негізінде кооперативтің есепшотына мемлекеттен 24,7 млн теңге субсидия аударылған.


Алайда тексеру барысында селекциялық жұмыстар іс жүзінде 18 бас асыл тұқымды бұқа мен 450 бас аналық ірі қараға ғана жүргізілгені анықталды. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 20,2 млн теңгені құрады.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшерде алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.


Сот үкімімен кооператив төрайымы кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.


Заңсыз алынған қаражат толық көлемде мемлекетке қайтарылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.