Фото: ашық дереккөз
Қаржы мониторингі агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында күдікті «Nura Elite» коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан қаражат тартқан. Жоба аясында 37 коттедж және 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда қазіргі таңда таунхаустар толық аяқталмаған, тек қаңқалары ғана тұр. 2023 жылдың төртінші тоқсанына дейін нысанды тапсыру жөніндегі міндеттемелер орындалмаған.
Сатып алушылармен алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Нәтижесінде 56 адам жәбірленуші ретінде танылып, келтірілген шығын көлемі 3,9 млрд теңгені құраған. Тергеу деректеріне сәйкес, оның ішінде 322 млн теңге күдіктінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған, ал 145 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сондай-ақ бір жылжымайтын мүлікті бірнеше рет сату фактілері анықталған. Мәселен, толық төленген коттедждердің бірі кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, бірнеше рет қайта сатылған. Тергеу барысында күдіктінің жер учаскелеріне құқық беруді көздейтін шарттар жасасқаны, алайда оларды иеліктен шығаруға заңды құқығы болмағаны белгілі болды.
Үлескерлердің қаражатының бір бөлігі Астанадағы «Асылхан» тұрғын үй кешеніне арналған жер телімін сатып алуға жұмсалған. Сонымен қатар құрылысқа қажетті рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры арқылы мұқтаж әйелге пәтер берілетіні туралы ақпарат жарияланған. Алайда іс жүзінде тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмаған.
Сот санкциясымен күдіктіге үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
