Фото:depositphotos.com
Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін ауыр жағдайда ауруханаға түскен 31 жастағы пациент 35 күн комада жатқаннан кейін есін жиды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Мәліметке сәйкес, науқас жол апаты салдарынан аса ауыр жарақат алып, өміріне үлкен қауіп төнген. Дәрігерлер оған бірнеше күрделі операция жасап, бір айдан астам уақыт бойы өмірі үшін күрескен.
Кеше пациент көзін ашып, есін жиған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақталып, өздігінен тамақтана бастаған.
Дәрігерлердің айтуынша, науқасқа ауыр бас сүйек-ми жарақаты, ми соғылуы, бас сүйек сүйектерінің сынуы және кеуде қуысының жарақаты диагноздары қойылған. Сондай-ақ ми ісінуі мен гематомалар анықталған.
Мамандар шұғыл операция жасап, бас сүйегіне трепанация жүргізіп, жедел эпидуралды гематоманы алып тастаған.
Дәрігерлер бұл жағдайды олардың кәсібилігі мен пациенттің өмірге деген ерік-жігерінің нәтижесі екенін атап өтті.
