14 нау, 2026 сағат 13:15

Майнерлерден жарты миллиард теңгенің техникасы тәркіленді


Фото: pixabay.com


Қостанай облысының прокуратурасы апелляциялық тәртіпте майнинг жабдықтарын заңсыз экспорттауға әрекет ету ісі бойынша қатаң жаза қолдануды талап етті. Компанияның құны 500 миллион теңгеден асатын серверлерді елден алып шығу әрекеті олардың толықтай тәркіленуімен аяқталды, деп хабарлайды Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.


Оқиға Бейімбет Майлин ауданындағы «Аят» автокөлік өткізу бекетінде болған. Ресей Федерациясына шығуға әрекет жасаған кезде 8 тоннадан астам майнинг серверлерін тасымалдап бара жатқан жүк көлігі анықталды. Тексеру барысында бұл техниканың міндетті экспорттық бақылауға және лицензиялауға жататын арнайы тауарлар қатарына кіретіні белгілі болды. Алайда «B2C mining» ЖШС-де тиісті рұқсат құжаттары болмаған.


Алғашында бірінші сатыдағы сот компанияны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, небәрі 98 300 теңге көлемінде ең төменгі айыппұл салған. Бұл ретте құқық бұзушылық затына міндетті түрде тәркілеу туралы норманы ескермеген.


Мұндай шешіммен облыстық прокуратура келіспей, апелляциялық өтінішхат енгізді. Қадағалау органы заңға және Жоғарғы соттың түсіндірулеріне сәйкес мұндай жағдайда құқық бұзушылық нысандары міндетті түрде мемлекет кірісіне өткізілетінін атап өтті.


Апелляциялық сатыдағы сот прокурорлардың ұстанымын қолдады. Нәтижесінде қымбат жабдық толықтай тәркіленді. Облыстық соттың қаулысы заңды күшіне енді, мүлік белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне беріледі.