Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында Мырзағали Айтжанов сенім артқан жеті боксшыдан жарыс жолында үшеуі ғана қалды.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін ширек финалда жұдырықтасқан 49 келідегі Теміртас Жүсіпов филиппиндік қарсыласына есе жіберіп, жарысты жүлдесіз аяқтады. Ол қарсыласы Паалам Карломен кездесіп, 1:4 есебімен жеңіліс тапты.
Айта кетейік, осыған дейін құрама көшбасшыларының бірі 56 келіде сынға түскен Қайрат Ерәлиев, 52 келі салмақтағы боксшымыз Азат Махметов және 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Саматәлі Төлтаев қарсыластарына жол беріп, жарысты ерте аяқтаған болатын.
Ал, жарысты ары қарай жалғастыратын үш боксшымыздың бірі - 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Асланбек Шымбергенов. Ол кеше қазақстандық боксшылар арасынан бірінші болып жартылай финалға шыққан болатын. Екінші боксшымыз — 64 келі салмақтағы Бекдәулет Ибрагимов. Ол бүгін ширек финалда таиландтық Масук Виттичаймен жұдырықтасады. Үшінші боксшымыз — 75 келі салмақтағы Әбілхан Аманқұл. Азиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын көтеріп шыққан боксшымыз бүгін ширек финалда тайпейлік Кан Чиавейммен қолғап түйістіреді.